Жаңалықтар

Энергетика Вице-министр сапары

9 қараша 2026
38

ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Kazpetrol Group өндірістік нысандарымен танысты

2026 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Есенәлиұлы Ақбаров Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол Ақшабұлақ кен орнына барып, өңірдегі мұнай өндіруші ұйымдардың өкілдерімен өткен кеңеске қатысты, сондай-ақ «Kazpetrol Group» ЖШС-нің өндірістік инфрақұрылымымен танысты.

PetroMining қауымдастығының атынан Саят Боранбековтің қолдауымен ұйымдастырылған кеңес «ҚазГерМұнай» БК базасында өтті. Оған Қызылорда облысындағы барлық мұнай өндіруші ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында кәсіпорындардың ағымдағы жұмыс нәтижелері қаралып, саланың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды. Жиын мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында ашық әрі кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Kazpetrol Group ЖШС бас директоры Тазабеков Ержна Кәкімұлы Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушылары үшін өзекті екі мәселені ортаға салды.

Бірінші мәселе «ҚазТрансОйл» АҚ мен электр энергиясымен жабдықтаушы ұйымдарды қоса алғанда, табиғи монополиялар субъектілері тарифтерінің жыл сайын өсуіне, ал ішкі нарықта мұнайды өткізу бағасының өзгеріссіз қалуына қатысты болды. Мұндай жағдай жер қойнауын пайдаланушылардың өндірістік шығындарының артуына әкеледі, ал түсім көлемі бұрынғы деңгейде қалады. Нәтижесінде мұнай өндіруші кәсіпорындарға түсетін қаржылық жүктеме арта түседі.

Екінші мәселе Қызылорда облысындағы жер қойнауын пайдаланушылар үшін мұнай экспортының үлесін арттыру қажеттілігіне байланысты болды. Экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту кәсіпорындар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыруға және саланың тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінділігі аталды.

Сапар барысында Kazpetrol Group қызметіне ерекше назар аударылды. Вице-министр компанияның Қайыркелді Оңтүстік кен орнында орналасқан негізгі өндірістік нысандарын аралады. Олардың қатарында мұнай дайындау пункті, су тазарту жүйесі және компрессорлық станция бар.

Компания өкілдері қонаққа технологиялық процестер, жабдықтардың жұмыс істеу қағидаттары және өндірісті ұйымдастыру ерекшеліктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Нысандарды аралау кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды және Kazpetrol Group-тың өндірістік әлеуетті дамытуға бағытталған кешенді тәсілін көрсетуге мүмкіндік берді.

Сапар бағдарламасының қорытынды кезеңінде вице-министр ауысым қалашығын аралады. Ерлан Ақбаров қызметкерлердің тұру және тұрмыстық жағдайларымен танысты. Вице-министр мұнай кәсіпшілігінің күрделі жағдайында еңбек ететін мамандар үшін қолайлы әрі лайықты тұрмыс жағдайларын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, жасалған жағдайларға оң баға берді.

Kazpetrol Group үшін бұл сапар компанияның күнделікті жұмысының нәтижелерін, өндірістік мүмкіндіктерін және еңбек процесін ұйымдастыру тәсілдерін таныстыруға мүмкіндік болды. Әрбір нысанның артында мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігі, ұжымдардың үйлесімді жұмысы, сондай-ақ өндіріс пен қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын ұстануға деген ұмтылысы тұр.

Вице-министрдің жұмыс сапары ортақ салалық міндеттерді шешуде мемлекет пен мұнай өндіруші кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Ашық диалог, тәжірибе алмасу және өндірістік мәселелерге назар аудару мұнай-газ саласының тұрақты дамуына және Қызылорда облысының экономикалық әлеуетін нығайтуға негіз қалайды.


          


          


          


          


               

Пікірлер

Пікір жазыңыз

* - міндетті өрістер
артқа қарай