Қазақстандық қамту

ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының Кодексі

 

28-бап. Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қазақстандық кадрларды, тауар өндірушілерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынушыларды қолдауды қамтамасыз ету

1.       Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық кадрларға артықшылық беруге міндетті. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Персоналдағы ішкі құн үлесін есептеу халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.

 

Күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және (немесе) өндіруге арналған операцияларды жүргізу кезіндегі персоналдағы ішкі құн шарттары осы Кодекстің 36-бабының ережелері ескеріле отырып айқындалады.

2.       Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиялардың шарттарында белгіленетін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде сатып алынатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесі күнтізбелік бір жыл ішінде сатып алынған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құрауға тиіс.

 

Тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылықтың үлесін есептеуді ұйымдар өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган бекітетін, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде елішілік құндылықты есептеудің бірыңғай әдістемесіне сәйкес жүзеге асырады.